You are here

Жаңалықтар

01.10.2019 г.

5G бірінші кезекте Nazarbayev University мен EXPO аумағында іске қосылмақ

 

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.

Қазіргі уақытта шалғайда орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз ету 2 негізгі жоба бойынша жүзеге  асырылуда. Бірінші жоба аясында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік форматында талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ТОБЖ) құрылысы жүргізілуде, ал екіншісі ауылдарды LTE технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейді.

Асқар Жұмағалиев ТОБЖ құрылысы нәтижесінде 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл, 2020 жылы тағы 509 елді мекен кеңжолақты Интернетке қол жеткізетінін айтты. Ал  LTE технологиясы арқылы 2021 жылдың соңына дейін 3 143 ауыл жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында 5G технологиясындағы байланысты дамыту мәселесі талқыланды. Министр Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы тест жұмыстарының сәтті аяқталғанын, қазір Шымкент қаласында тестілеу жүргізіліп жатқанын баяндады. Қазақстанда 5G  технологиясын енгізу  ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында 5G технологиясының стандарты қабылданып, жиілік диапазоны анықталғаннан кейін басталады.

"Бірінші кезеңде  5G университеттер, кәсіпорындар, мектептер мен т.б. әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан аумақта іске қосылады. Атап айтқанда, 2021 жылдың соңына дейін Назарбаев Университеті мен ЭКСПО аумағында, 2022 жылы әуежайда, вокзалда және ірі сауда орталықтарында 5G стандартын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Кейіннен 2023 жылдан бастап бұл технология облыс орталықтарында іске қосылады. Мұның бәрі "ақылды қалалар" тұжырымдамасын дамыту үшін маңызды", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

 


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы