You are here

Жаңалықтар

26.11.2019 г.

2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ы, 2020 жылы – 90%-ы автоматтандырылады

 

Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев электрондық үкіметті дамыту және цифрлық сауаттылықты арттыру деңгейі туралы  баяндама жасады.

2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ын автоматтандыру жоспарланған. Осы мақсатта министрліктер мен ведомстволар 70 мемлекеттік қызметті автоматтандыру  бойынша жұмыстарды аяқтауы қажет.

Сонымен қатар, Министр мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Ведомствоаралық комиссия қызмет берушілермен бірлесіп, 723 мемлекеттік қызметке талдау жүргізді. Нәтижесінде комиссияның ұсынысымен 556 жол картасы бекітіліп, іске асырылуда. Бұл іс-шаралар құжат айналымын 70 млн. құжатқа қысқартып, 8 млрд. теңге экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы әрі шұғыл ұсынуда мобильді технологиялардың үлесі зор. Осы орайда eGov mobile жаңа мобильдік қосымшасы іске қосылып, азаматтар Telegram мессенджері мен әлеуметтік желілерді де белсенді қолдануда. Бүгінгі күні сұранысқа ие қызмет түрлері  аталған мобильді қосымшалар арқылы көрсетілуде.

Осымен бірге, Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың  ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстары туралы да айтып өтті. Қазіргі таңда жоспарланған 235 интеграцияның 101-і іске асырылды. Жылдың соңына дейін 95 интеграцияны аяқтау қажет, яғни кейбір мемлекеттік органдар осы бағытта  белсенді жұмыс істеуі керек.

Заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы Елбасымен келісе отырып, 5 министрлікте цифрландыруға жауапты вице-министрлер тағайындалды, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда Цифрландыру кеңселері құрылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы 218 млрд. теңге, 2019 жылдың 9 айы ішінде 305 млрд. теңге экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ішкі істер министрліктерінде «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарлануда.

Қазақстан 2018 жылы «электрондық үкіметті» дамыту индексі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде 39-шы, ал Азия елдері бойынша 8-ші орынға ие болғанын және «Онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-шы орынды иеленгенін айтып өткіміз келеді.


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы