You are here

Ереже

Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру салаларындағы басшылықты, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Министрліктің мынадай ведомстволары бар:

       1) Аэроғарыш комитеті;

       2) Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті;

       3) Ақпараттық қауіпсіздік комитеті.

      3. Министрлік өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Министрлік мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарда шоттары бар.

      5. Министрлік өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.

      6. Министрлік, егер оған заңнамаға сәйкес осындай өкiлеттiк берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Министрлік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрлік басшысының бұйрығымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Министрліктің құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Министрліктің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есiл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, 2-кіреберіс.

      10. Министрліктің толық атауы – "Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" мемлекеттiк мекемесi.

      11. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Министрліктің қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Министрліктің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында Министрлікке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Министрлікке заңнамалық актiлермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы